Ажал
Нәзік, бозғылт... киімің күлгін түсті
Жылыұшырай кез болдың бүгін неге?
Өзгеше едің, соғыста сүргін күшті,
Сақылдаған семсердің үнінде де.
Сары алтындай, масаңдау түріңменен
Жалаңаштап кеудеңді жарқылдаған,
Қанды тұман ішінде гүрілдеген
Ғарыш жаққа жол салдың шаң тұрмаған.
Астрея сияқты мәңгіге ынтық,
Көзқараспен ғажайып күрсінетін.
Тамырларда тулатып, қан жүгіртіп,
Қатайтатын білектің бұлшық етін.
Қазір мүлде өзгеше болсаң дағы
Мен бұрынғы қалпыңмен танығанмын.
Тыңдаттың-ау, бейіштің аңсаулы әнін —
Сол бейіште өзіңмен жолығармын.
Перевод стихотворения Николая Гумилёва «Смерть» на казахский язык.