Күн-Ару
Мария Дмитриевна Поляковаға
Құдыретті патша — ашулы, зәрлі
Түндей боп жүзі түнерді.
Үрейлендіріп қашырды жарды —
Патшайым біткен үдерді.
Айнала түгел апталған алтын
Қошқыл да қызыл түс қандай.
Алқызыл іңір қалпымен жарқын
Мәрмәр сарайды құшқандай.
Осы сарайда сөйледі асқақ
Жарамсақ топқа сол күні.
Болат жарқылды көзімен жасқап.
…Ал, үні — теңіз толқыны.
Сөйледі патша: “Бала күнімде
Қалың ағаш-ты төңірек,
Қалың ағаштың түкпір-түбінде
Өндір күн тапқан мені кеп.
Ән салған едім, жер гүл ашқанда,
Жыладым мылқау шақтарда —
Көңілсіз боран мөлдір аспанға
Үстемдік етіп жатқанда.
Бозбала дәурен — жарқын сәт әні,
Кеудемді қаным керіп тым.
Көмкерген күннің алтын шапағы
Махаббатыма жолықтым.
Түсімде, бейне ертегі сынды
Нәзік қимылмен ымдайды.
Ғажайып үнмен шертеді сырды
Сәулесі алтын күн жайлы.
Арбайды, көзін күлімдетеді
Аппақ гүлдерді жаудырып.
Есігімді үнсіз дірілдетеді
Тәтті арманға ес аудырып.
Сай болу үшін етермін бір іс —
Бал махаббатына қанғым кеп.
Ұлы жорықта көтердім қылыш
Осы болғандай бар міндет.
Биледім елді, жасқадым мыңын,
Құдыреттің болдым үніндей.
Тәкаппар, қатал патшамын бүгін
...Жан дертім жүр ғой білінбей.
Ол үшін әлі бозбаламын мен,
Ынтық сезімі тынбаған.
Ай әнін баяу қозғағаныммен
Тек жұлдыз ғана тыңдаған.
Құлдарым, мені Күн-сұлуменен,
Қауыштырыңдар, өтінем!.
Бар байлығымды құлшынуменен
Сый етіп берем шетінен!”
Тоқтады патша. Қозғалды бәрі.
Кемелер жүзді саппенен.
Бірінен-бірі озған-ды бәрі,
Дегендей өзім ап келем...
* * *
Ай өтті қанша, күн өтті қанша,
Қасіретті патша зарықты.
Жүректе үміт дір етті қанша,
Тас қақпа мынау — тамұқ-ты.
Жаушылар жатты аттанып қиын
Алыс сапарға ағылып.
Жасырмай патша ынтыққан күйін
Жолдарын күтер сарылып.
Күндердің күні жадырап алап,
Сәулелі шуақ тірілді.
Ғажайып әуен ағылады орап
Тылсымнан тербеп бір үнді.
Бейіштен ескен самалдай аңқып,
Жайылып көпке сөз кетті
“Кіршіксіз ару келеді балқып —
Жолығар сәтті кез кепті.
Алтын сарайдың қабырғаларын
Нұрына бөлеп келді қыз,
Патшаның айтып сағынған әнін
Иіліп тұрмыз енді біз”.
Арманды патша көңілі шалқып
Ару-Күнменен кезікті.
...Гүл-тәжді басқа құс қонып қалқып,
Сұңқылға басты сезікті.
Көз алдындағы шұғылалы арай
Бара ма сөніп біртіндеп...
Кіршіксіз, мінсіз ару тұр қарай,
Ұяң рухтай үлпілдеп.
Жанары жайнап түн жұлдызындай,
Демінен шалқып бал лебіз.
Бейіштен шыққан үрдің қызындай —
Қиялда ғана бар деңіз.
Күңгірттеу түсті киімі жеңіл
Мінсіз иығын жауып тұр.
Толқынды шашта жарасым небір
Тәжбенен сәнін тауып тұр.
Еппенен басып жақын келеді
Көзіне тұнып көк аспан.
Көктікендерді тәжіне өреді —
Күн сәулесімен жарасқан.
Елең де қылмай ентелегенді,
Сарайға назар аудармай
Көкшіл әлемге еркелеген-ді —
Іңірге көзі қанғандай.
Жанын жылытып нұрлы арманменен
Көкшіл түс алды енді есін,
Жарық сәулемен нұрланған әлем
Аймалай сүйді кеудесін.
Алқалы қауым жанынан шығып,
Жыраққа қарай жылысты.
Жердің қайғысы жадынан шығып,
Сырласып сумен, күлісті.
Тәкаппар патша қапалы түрмен,
Қалғаны-ай жалғыз түнеріп.
...Қаратты біреу қуанышты үнмен,
Кенеттен күліп жіберіп.
Жалт етіп патша оқты көзімен,
Өзінің берді жарлығын.
Аямас, кекті, зәрлі сөзімен,
Үркітіп жұрттың барлығын..
Үлбірей күліп, нұр бүркіп тұрған
Жоқ етті қанша арманды.
Аппақ гүлдерге сонша ынтықтырған
Қан етіп фәни-жалғанды.
Әлем мұңайып, түнерер қалғып,
Жүзінен жарық нұр кетіп.
...Жаратқан өзі жіберер жарлық,
Кіршіксіз ақты кірлетіп.
Перевод стихотворения Николая Гумилёва «Дева Солнца» на казахский язык.